00:00 2018.02.23

Жеке инвестиция әрқашан қолдау табуы тиіс - Мәлік Мырзалин

Жеке инвестиция әрқашан қолдау табуы тиiс. Бұл туралы Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин өңiрдiң 2017 жылғы әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жылғы мiндеттерi туралы тұрғындар алдында өткен есептiк кездесуiнде айтты.

Әкiмнiң сөзiнше, өңiрде жеке инвестиция тарту бойынша жұмыстар ширатуды қажет етедi. «Маған Зерендi ауданының Андрей Рыманов есiмдi тұрғыны жүгiнiп, спорттық-демалу орталығын салуға жергiлiктi әкiмдiк тарапынан жер телiмi берiлмей отырғанын айтып қынжылды. Осында аудан әкiмi Мереке Мұстафин отыр. Бұл мәселенi тезiрек шешудi тапсырамын. Осы мәселеге қатысты, баршаңызға айтқым келетiнi мәдени-демалыс немесе спорттық-сауықтыру нысаны болсын оны әкiмдiк салмауы тиiс. Бұл жерде жеке инвестиция тартылуы керек. Әкiмдiк тек жер телiмi және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жағынан көмектеседi. Сондықтан да жеке инвестиция әрқашан қолдау табуы тиiс», дедi облыс әкiмi.

Кездесуде аймақ басшысы атап өткендей мемлекет қолдауы және банктер берген кредиттердiң арқасында өңiрде шағын және орта бизнес жанданып келедi. 2017 жылы шағын және орта бизнес субъектiлерiнiң саны 1000 бiрлiктен аса көбейдi (41719 бiрлiкке дейiн). Осының арқасында 6 мың жаңа жұмыс орны ашылып, өнiдiрiлген өнiмнен түскен пайда мен салықтың есебiнен бюджет көлемi 21 пайызға артты. Кәсiпкерлiк сектордың әлеуетiн арттыру бағытында қызмет көрсету, туризм және агробизнестi дамыту саласында игерiлмеген резервтер бар.

«Ауылдық елдi мекендерде барлығы 700-ден астам әлеуметтiк-тұрмыстық инфрақұрылым нысандары жетiспейдi Сондықтан, бизнес осында көшуi тиiс. Бұл өз кезегiнде ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жергiлiктi бюджетке тиiмдi болар едi. Үлгi боларлықтай арамызда осындай азаматтар бар. Соның бiрi Есет Нұралин есiмдi кәсiпкер. Өзiнiң 3 топтағы мүгедектiгiне қарамастан жұмыспен қамту бойынша кәсiпкерлiк бағдарламасы бойынша курстан өтiп, Көкшетаудың iргесiндегi Краснояр селосында жылыжай шаруашылығын ашты», дедi облыс әкiмi.

Айта кетейiк, «Көкшетау» мәдениет сарайында өтiп жатқан Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалиннiң өңiрдiң 2017 жылғы әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жылғы мiндеттерi туралы тұрғындар алдында өткен есептiк кездесуiне Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi Марат Бекетаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк инспекторы Қалдыбек Байымбетов қатысуда.